МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 2007 жылғы 4 маусымда қабылданған. Осы Заңға сәйкес 4 маусым жыл сайын мемлекеттік рәміздер күні ретінде тойланады.

Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран (бүркіт) бейнеленген тік бұрышты аспан түстес көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран  және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы - 1:2.

Геральдикалық дәстүрлерге сай әр түс белгілі бір ұғымды білдіреді. Мәселен, аспан түстес көгілдір түс риясыздықтың, адалдық пен тазалықтың нышаны. Бұған қоса, түркі мәдениеті бойынша бұл түстің терең астары бар.  Көне түркілер әрдайым аспанды көк тәңірі деп құрмет тұтқан, ал олардың аспан түстес көгілдір байрағы көк тәңіріге шексіз берілгендікті білдірген. Қазақстанның мемлекеттік туында ол кіршіксіз аспанды, бейбітшілік пен берекені білдіреді. Ал тудың бір түсті болуы – ел бірлігін көрсетеді.

Геральдикалық қағидаларға сүйенер болсақ, күн – байлық мен молшылықтың, өмір мен энергияның нышаны. Сондықтан да тудағы күн сәулесінің дән түрінде бейнеленуі молшылық пен берекелі өмірді білдіреді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек пішімде – ол Ұлы даланың көшпенділері аса қатты құрметтеген өмір мен мәңгіліктің символы.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

Қазақстанның Гимні бұрын «Менің Қазақстаным» деген атпен белгілі өлең, оны ел Парламенті 2006 жылғы 6 қаңтарда бекітті.

Музыкасын жазған композитор Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев.