ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ

Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару билігін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Қазақстан Республикасы Парламентінің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституцияда, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда және басқа да заңнамалық актілерде айқындалады. Парламенттің өкілеттігі бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.

1

Сенат

Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл.

Палатаны өз депутаттарының арасынан жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланған Төраға басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.

Ресми веб-ресурс: http://www.parlam.kz/kk/senate

Мәжіліс

Мәжіліс жүз жеті депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Палатаны өз депутаттарының арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы Мәжіліс сайлаған Төраға басқарады. Мәжіліс Төрағасының қызметіне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.

Ресми веб-ресурс: http://www.parlam.kz/kk/mazhilis