ЕУРАЗИЯ ЕЛДЕРІ ПАРЛАМЕНТТЕРІ

СПИКЕРЛЕРІНІҢ 4-ШІ КЕҢЕСІ

 

 

МӘЛІМДЕМЕ

 

(2019 жылғы 24 қыркүйекте қабылданды,

Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан Республикасы)

 

 

Біз, Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» деген тақырыптағы 4-ші кеңесіне қатысушылар,

 

  1. Болашақ Еуропаны бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың, ортақ құндылықтар мен бірдей мүмкіндіктердің біртұтас кеңістігі ретінде қарайтын ортақ көзқарасты қолдаймыз және Еуразия континентінің бүгіні мен болашағы туралы мүдделес әрі ашық диалогты алға бастыруға әзір екенімізді білдіреміз.

 

  1. Өңірлік интеграциялық бірлестіктердің теңдікті құрметтеу, өзара мүдделерді ескеру принциптеріне негізделген тұтастай әріптестік мақсаттарындағы қызметін қолдаудағы Еуропа және Азия елдері заң шығарушы органдарының атқаратын айрықша рөлін атап өтеміз және осыған байланысты парламентаралық өзара іс-қимылды жолға қоюдың маңызды екенін атап көрсетеміз.

 

  1. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеяның, сондай-ақ еуразиялық кеңістіктегі бірқатар табысты интеграциялық экономикалық институттардың авторы әрі бастамашысы ретіндегі тарихи үлесін атап өтеміз; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған және Еуразияның барлық мемлекеттерінің бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы ортақ мүдделеріне жауап беретін «Үлкен Еуразия» тұжырымдамасын қолдаймыз, «Үш Диалог» бастамасын құптаймыз.

 

 

  1. Еркін, адал, кемсітушіліксіз, транспарентті, болжанатын және тұрақты сауда және инвестициялық ортаны іске асыра отырып, заманауи сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге ынтымақтастықпен жауаптар іздестіруді, сондай-ақ Еуразия елдері арасында геоэкономикалық мүдделерді үйлестіруді және үлкен өзара байланыстылықты қамтамасыз етуді Еуразияда «бірыңғай өсу кеңістігін» қалыптастырудың басты элементтері ретінде қарастырамыз.

 

  1. Еуразия елдері арасындағы егемендікті, тәуелсіздікті, араласпауды, өмірлік мүдделерді өзара құрметтеу принциптеріне, қорқытудан, қысым жасаудан және жауласуға бастайтын сөздерден бас тартуға, халықаралық құқықты, БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптерін сақтауға негізделген сындарлы әрі тайталассыз өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыру жалпыеуразиялық кеңістіктің дамуына күшті серпін беріп, Еуразиядағы экономикалық өсімді жеделдете алады деп есептейміз.

 

  1. БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді,
    теңіз ортасы мен экожүйедегі қауіпсіздікті қоса алғанда, су, әуе қауіпсіздігі, энергетикалық, азық-түліктік және экологиялық қауіпсіздік саласында, сондай-ақ өңірлік және жаһандық өлшемдердегі барынша өткір әлеуметтік проблемаларды шешуде күш-жігер біріктіруді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің көкейкесті мәселе екенін растаймыз.

 

  1. Еуразияны дамыту процестерінің серпінділігін, инклюзивтілігін қолдауға, көркейген, адамдардың мүдделеріне бағдарланған, сын-қатерлерге берік кеңістік құруға қашанда адал екенімізді; сондай-ақ біздің ынтымақтастық, өңіраралық байланыстарды кеңейту, екіжақты және көпжақты қатынастардың бүкіл спектрі бойынша өзара іс-қимылдың әртүрлі салаларында шарттық-құқықтық базаны және қарым-қатынастарды жетілдіру жобалары мен бағдарламаларын іске асырудағы бірлескен жұмысты жақтайтынымызды мәлімдейміз.

 

  1. Еуразия мемлекеттерінің экологиялық жағынан қауіпсіз, орнықты және теңгерімді дамуы үшін парламентарийлердің цифрландыру, цифрлық егемендікті, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ экономикаларды инновациялық дамыту мәселелеріндегі
    күш-жігерлерін үйлестіру қажет деп есептейміз.

 

  1. Қарусыздану, қару-жарақты бақылау және ядролық қаруды таратпау, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелеріндегі өзара іс-қимылдың өзекті екенін растаймыз. Парламенттерді ядролық қарудан азат әлем құруға пәрменді атсалысуға шақырамыз.

 

  1.  Корей түбегін толық денуклеаризациялауға қол жеткізу және тұрақты бейбітшілік режимін орнату Еуразия мен басқа өңірлердің бейбітшілігі мен көркеюіне үлес қосады және біздің Солтүстік Кореяның ядролық мәселесін диалог арқылы шешуді қолдайтынымызды білдіреді деген ортақ пікірді қолдаймыз.

 

  1. Бүкіл адамзатқа және орнықты дамуға қарсы басты қатерлердің бірі ретінде терроризмнің барлық нысандары мен көріністерін айыптаймыз және саяси өзімшілдік пен қосарлы стандарттарсыз, континент және бүкіл әлем мемлекеттерінің егемендігі мен тәуелсіздігін құрметтей отырып, БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқық принциптеріне сәйкес терроризммен күресте парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға, біздің елдеріміздің осы мәселе бойынша үйлесімді ұстанымына қол жеткізуге берік ниетіміз бар екенін білдіреміз.

 

  1. Еуразиядағы ірі саяси, әлеуметтік, экономикалық және әсіресе, гуманитарлық салдар туғызатын босқындарға байланысты жағдайдың елеулі екенін мойындай отырып, біз халықаралық қоғамдастықтың осы проблеманы бірлесіп шешуге барынша тиімді үйлесімді күш салуына шақырамыз.

 

  1. Ақпараттық-коммуникациялық және кез келген жаңа технологияларды континенттегі қауіпсіздікті тұрақтылығынан айыру мақсатында пайдалануға, Интернет-кеңістікте терроризм, сеператизм, экстремизм, нәсілдік және діни төзбеушілік идеяларын насихаттауға қарсы бірлесіп күш жұмсауды жақтаймыз. Ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ынтымақтастықты жалғастыра беруге шақырамыз.

 

  1. Еуразияда өмір сүріп жатқан халықтар арасында ынтымақтастықты, сенім мен өзара түсіністікті нығайту үшін мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту қажеттігін атап көрсетеміз.

 

  1. Өркениетаралық, мәдениетаралық және дінаралық диалогты одан әрі дамытуды, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің және осындай бастамалар мен форумдардың практикасы мен тәжірибесін тарату және пайдалану арқылы дамытуды жақтаймыз және 2019 жылғы ақпанда Біріккен Араб Әмірліктерінде «Әл-Азхар» университетінің бас имамы мен Рим Папасы қол қойған «Бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін және бірлесіп өмір сүру үшін адамзаттық бауырластық туралы» Декларацияның жолдауын қолдаймыз.

 

  1. Катар мемлекеті 2019 жылғы 6 – 10 сәуір аралығында табысты түрде өткізген Парламентаралық Одақтың 140-шы Ассамблеясының және соған ілеспе іс-шаралардың қорытындыларын оң бағалаймыз.

 

  1.  Меймандостық танытқаны және Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің
    4-ші кеңесін табысты өткізгені үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне зор ризашылығымызды білдіреміз.

 

  1. Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 5-ші кеңесін 2020 жылы Индонезия Республикасында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.