24.09.2019
Н.Нығматулин: Еуразия елдері парламенттерінің спикерлері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін бекітті

Нұр-Сұлтан, 24 қыркүйек. Бүгін Нұр-Сұлтанда «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесі өтті.

Оған 65 елдің делегациялары, оның ішінде, 41 парламент спикерлері және 14 халықаралық және парламентаралық ұйым басшылары қатысты.

Еуропа және Азия парламенттері арасындағы еі ірі паралменттік жиынға айналған форумды Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ашып: « Қазақстанымыздың төрі, Қазақ елінің елордасы - Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіздер! Сонымен бірге бүкіл Еуразия елдерінің Парламенттері үшін маңызы зор ерекше жиынға қатысып отырғандарыңызға шын жүректен алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Бүгінгі форум заң шығарушы органдар арасында жан-жақты диалог орнатуға, өзара сенімді нығайтуға, парламентаралық ынтымақтастықты одан ары күшейтуге кең жол ашады деп сенеміз»,-деді.

Бұл форум Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық идеясының 25 жылдығымен сәйкес келді. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, форумға идея авторы – еуразиялық интеграцияның бастамашысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысып, сөз сөйлеуі форум жұмысының маңызын арттыра түсті.

Бір күнге созылған маңызды шара 4 пленарлық отырысты қамтыды. Пленарлық отырыстарға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Владимир Володин, Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Мун Хи Сан модераторлық жасады.

Сөз алған парламенттер спикерлері, халықаралық ұйым басшылары болашақ Еуропаны бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың, ортақ құндылықтар мен бірдей мүмкіндіктердің біртұтас кеңістігі ретінде ортақ көзқарасты қалыптастыру, Еуразия кеңістігінің бүгіні мен болашағы туралы диалогты алға бастыруға қатысты, Еуразияда өмір сүріп жатқан халықтар арасында ынтымақтастықты, сенім мен өзара түсіністікті нығайту үшін мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту төңірегіндегі маңызды мәселелерді ортаға салды.

Отырыс қорытындысында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесінің қорытынды құжаты қабылданды. Нұрлан Нығматулин:

-Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жариялаған Еуразия идеясы көптеген жобаларда өз жалғасын тапты. Бүгінгі форумға келетін болсақ, бүкіл Еуропа мен Азия елдері Парламенттерінің спикерлері бірлескен мәлімдеме қабылдап, осы құжатта Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық идеяның авторы және бастамашысы ретінде тарихи рөлін бекітті. Бұл шын мәнінде, Елбасымыздың, бүкіл Қазақстанымыздың жоғары халықаралық абырой-беделінің көрсеткіші, - деді.

Жиын қатысушылары Қазақстанда өткен 4-кеңес бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап, бірлікке үндеген ең ауқымды тақырыптарды қамти отырып, форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына және алға қойған мақсатына жеткенін айтты.

Айта кетейік, Еуразиялық мемлекеттердің заңнамалық органдары басшыларымен жан-жақты диалог орнату мақсатында ұйымдастырылып жатқан форум биыл Қазақстанда бірінші рет өтіп жатыр. Бұған дейін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының кеңесі Ресейде, Оңтүстік Кореяда және Түркия Республикасында өткен еді.

Қатысушылар қатарында ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ парламенттік ассамблеялары, Парламентаралық одақ, Азия парламенттік ассамблеясы, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы парламенттік одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ сынды ұйымдар бар.

Ауқымды шараға қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысты. Форум аясында жоспарланып отырған көптеген екіжақты кездесулер мен талқылаулар, пікір алмасулар,  әр елдің Парламент өкілдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, өз халықтарының әл-ауқатын көтеруге үлес қосуға ықпал ететін болады.

Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 5-кеңесі келесі  2020 -шы жылы Индонезия мемлекетінде  өтетін болды.