23.09.2019
Нұрлан Нығматулин және Мун Хи Сан Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесінің ауқымдылығын атап өтті

Нұр-Сұлтан, 23 қыркүйек. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразия елдері Парламенттері Спикерлерінің 4-кеңесіне қатысуға келген Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы   Мун Хи Санмен алдағы форум жайын әңгімеледі.

Н. Нығматулин атап өткендей, бұл форум Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясының 25 жылдығымен сәйкес келді. Мұндай ауқымды әрі беделді парламенттік форум Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды. 

Мәртебелі мейман өз кезегінде Қазақстанның еуразия жүрегінде орналасқанын және бұл идеяны Қазақстанның тұңғыш Президентінің жариялауы заңдылық екенін айтты.

Мун Хи Сан біздің елімізді Кореяның маңызды әріптесі дей отырып, жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ынталы екенін жеткізді.  

Биыл екі ел арасында стратегиялық әріптестіктің орнағанына 10  жыл толды. Осы уақыттар ішінде, біздің елдеріміз өзара қатынастың жоғары деңгейіне көтерілді.

Кездесу соңында Нұрлан Нығматулин 4-кеңес парламентаралық іс-қимылдың тиімді тетігін құруға, Еуразия кеңістігіндегі заңнамалық органдар арасында көпжақты диалог орнатуға ықпал ететініне сенім білдірді.