23.09.2019
Мәжілісте бірқатар екіжақты кездесулер өтті

Нұр-Сұлтан, 23 қыркүйек. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин қыркүйектің 24-жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің 4-кеңесіне қатысуға келген бірқатар әріптестерімен кездесті.

Тараптармен мемлекетаралық, сондай-ақ, екіжақты қатынасты дамытудың маңызды сұрақтарын талқыланды.

Екіжақты қарым-қатынас тарихында алғашқы рет жоғары деңгейдегі сапармен келген Бахрейн Корольдігі Парламенті өкілдер палатасының төрайымы Фаузия Зайнал ханыммен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударылды. Бахрейн Корольдігі - Қазақстанның негізгі сыртқы саяси әріптестерінің бірі.

Н. Нығматулин екіжақты қатынастардың маңызды бөлігі ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық бағытты  атап  өтті.

Тараптар келешекте де барлық салаларда, соның ішінде парламентаралық байланыстарды күшейтіп, халықаралық мәселелер бойынша да ортақ мақсаттарды нығайту маңыздылығына тоқталды.

Ал, бауырлас Қырғыз елінің Жогорку Кенеш Төрағасы Дастанбек Жұмабековпен жүздесуде Мәжіліс Төрағасы қырғыздық-қазақстандық стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық одан әрі тереңдету туралы сөз қозғалды.  2019 жылы Қырғызстан ҰҚШҰ және ШЫҰ төрағалық етуде.  Осы орайда,  Мәжіліс Спикері ұйым жұмысына қатысты басым бағыттарды табысты жүзеге асыру интеграциялық бірлестіктер аясында көпқырлы іс-қимылды дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Осы күні Мәжіліс Төрағасы Мажарстан Мемлекеттік  Жиналысының төрағасы Ласло Кеверді қабылдады. Биыл екі ел арасында стратегиялық әріптестік туралы Декларацияға 5 жыл толды. Н. Нығматулин атап өткендей, біздің халықтарымызды тарихи тамыр,  ұлттық мәдениет байланыстырады. Бұл қазақстандық-мажарстандық қатынастың тұрақты дамуының кепілі.

Барлық кездесулерде ертең болатын айтулы парламенттік форумның маңыздылығына баса көңіл бөлініп, шараның  Еуропа мен  Азия елдері арасындағы  бірлікті  нығайтуда рөлі зор екені айтылды.