22.09.2019
Н. Нығматулин Молдова Парламентінің төрайымымен кездесті

Нұр-Сұлтан, 22 қыркүйек.  Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин қыркүйектің 24-жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласында басталадын Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің 4-кеңесіне қатысуға келген Молдова Республикасы Парламентінің төрайымы Зинаида Гречаный бастаған делегациямен кездесті.

Тараптар екіжақты, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. 

Н. Нығматулиннің айтуынша, елдеріміз арасында саяси диалог, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар қарқынды дамып келеді.

Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде Молдова Президенті  Игор Додонның  ағымдағы жылғы Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапары мемлекеттер қатынасына жаңа серпін бергенін, қос мемлекет Президенттерінің жиі пікір алмасулары елдеріміз ынтымақтастығын жан-жақты тереңдетуге деген қызығушылықтың жарқын көрінісі екенін атап айтты.  Осы ретте тараптар екі елдің әріптестігін күшейтуде Парламенттер рөлінің зор екенін айтты. Молдова Парламентінің төрайымы ынтымақтастық жөніндегі топтар мен бейінді комитеттер арқылы Қазақстанмен парламентаралық байланыстарды нығайтуға ынталы екенін жеткізді.

Мәжіліс Төрағасы, елдер парламенттерімен қатар, ТМД ПА, ЕҚЫҰ ПА басқа да халықаралық парламенттік ұйымдармен белсенді іс қимылдың қажеттілігін атап өтті.

Кездесу соңында мәртебелі мейман арнайы шақыру үшін алғысын білдірді.