Астана Бәйтерек

Нұр-Сұлтан қаласының визит карточкасы саналатын архитектуралық бойтұмар – «Астана-Бәйтерек» кешені. Бұл терең философиялық, саяси және тарихи мәні бар ескерткіш үймерет. «Бәйтеректің» мифологиялық-эпостық нұсқасы бірлік пен бейбітшілікте және ұлттық дәстүрлерді сақтап өмір сүруге тырысқан қазақтардың арман-мұраттарын бейнелейді. Көк төбе тауының шыңында өмір ағашы Бәйтерек өсіп тұр, тау жиегінде шексіз-шетсіз мұхит жатыр. Жыл сайын ағашқа киелі құс – Самұрық алтын жұмыртқа – Күнді салады, қазақтың аңыз-ертегілерінің кейіпкері Ертөстік айдаһарды жекпе-жекке шақырып, алтын жұмыртқаны аман алып қалады.

4

Бәйтерек үш бөліктен тұрады: төменгі бөлігі – тамыры – жаратылысты білдіреді, ортаңғысы – діні – дамуды білдіреді, жоғарғы бөлігі – тәжі – болашаққа ұмтылысты білдіреді. Ол метал конструкцияларынан, шыныдан және бетоннан жасалған. Үймереттің биіктігі 105 метр, 33 қабатты құрайды. Шардың салмағы 300 тонна, оның диаметрі 22 метр. Шардың шынылары «құбылғы», сыртынан алтын түстес, ал ішкі жағынан мөлдір. Шардың ішінде үш панорамалық алаң бар, бұнда 90-95-97 метр биіктіктен қаланы, оның даму үрдісі мен келешегін алақанда тұрғандай көруге болады. Жоғарғы алаңнан  «Аялы Алақан» композициялық сюжетін көруге болады, бұнда елімізді Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы күміс тұмардың ішіне орнатылған.

Кешен 2002 жылы 30 тамызда ҚР Конституциясы күніне орай ашылды, халықаралық сайыста ТМД архитектуралық жобаларының арасынан «Бәйтерек» бірінші орынға ие болды және алтын медаль алды. Бұл нышанды құрудағы шығармашылық ұтысты жоба жетекшісі Ақмырза Рүстембеков, инженер-конструктор Марк Ванштейн бөлісті.