ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сəйкес, Қазақстан – адам жəне оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орныққан.

Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі, орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.

Əкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ел 14 облыстан жəне 3 республикалық маңызы бар  қаладан тұрады. Қазақстан халқының саны 18 миллионнан асады. 2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан Қазақстан əлем елдері арасында жерінің көлемі бойынша тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысында республика Ресеймен – 7 591 шақырым (əлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен – 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым жəне Түрікменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 200 шақырым.

 

 

 

Бүгінгі таңда республикада 130 этнос өкілі өмір сүреді, мұнда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы этносаралық қатынастарды үйлестіру жөніндегі консультациялық-кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс жасауда.

Қазақстан Республикасы Орталық Азиядағы тұрақтылықты нығайтуға қомақты үлес қосуда. Еліміз əлемдік деңгейде де зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Осыған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және 2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен осы беделді халықаралық ұйымның саммиті дəлел. Бұған қоса, Қазақстан - Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жəне Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. 2016 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып 2017-2018 жылдарға сайланды. ЕҚЫҰ-ның азиялық баламасы – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес секілді салмақты бітімгершілік жобаны ұйымдастыру мен дамыту да  елдің маңызды бастамасы. Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымының төрағасы ретіндегі жасампаз қызметі де оң бағаланды. Сонымен қатар, Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыста танымал көшбасшылардың бірі болып саналады.

Экономиканың барлық саласындағы тұрақты өсім, халықаралық деңгейде танылу жəне саяси тұрақтылық - Қазақстан қоғамының өсіп-өркендеуінің негіздеріне айналып отыр. Қазақстан – болашаққа ұмтылған ел, өзінің мəдени дəстүрлерін сақтап,  қарыштап дамып жатқан әлемде өзінің жасампаз əлеуетін табысты іске асырып келе жатыр.