НҰР-СҰЛТАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕЛОРДАСЫ

Нұр-Сұлтан қаласының ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. 2019 жылдың 23 наурызында Қазақстан Республикасының Президентінің өкімімен Астана қаласы Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 

1999 жылы Нұр-Сұлтан қаласы ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының аумағы 797 шаршы шақырымнан асады, тұрғындар саны – 1 миллионнан асады. Қала төрт ауданнан – «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» ауданынан тұрады.

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады.

Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.

5

Ел астанасын ауыстыру Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары.

Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. 

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.

Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 22 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды.  Нұр-Сұлтан қаласының құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысты.

5

Нұр-Сұлтан қаласының сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.

«Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум –  «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік  кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін атауға болады.

Жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі бар. Тағы бір маңызды спорттық кешен – ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны.

Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері – Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.

Нұр-Сұлтан қаласының айналасында бірегей «жасыл белдеу» жасалып, қала ұланғайын далалық өлкенің ортасындағы шұратқа (оазис) айналып келеді.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Нұр-Сұлтан қаласында ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Енді 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Expo-2017» халықаралық көрмесі өтеді.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.